ҚДБ қызметкері Қазақстанның үздік корпоративтік хатшыларының қатарына енді

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) қызметкері Айман Қасенова «Қазақстанның корпоративтік хатшысы-2020» байқауында жеңіске жетті. Байқау қорытындысы корпоративтік басқару сарапшыларына арналған «CG experts Meet Up» онлайн-іс-шарасы аясында жарияланды.


 


Байқауға қатысушылар жаңа жағдайдағы корпоративтік басқару қоржынымен таныстыруы тиіс болды. Үздіктерді халықаралық және шетелдік ұйымдардың өкілі болып табылатын 9 адамнан құралған білікті қазылар алқасы іріктеді.


 


Айман Қасенованың 36 жылдық еңбек өтілі бар, оның 20 жылын қаржы саласына арнаған. 2014 жылдан бері ҚДБ корпоративтік хатшысы қызметін атқарады.


 


- Мен жобада ҚДБ Директорлар кеңесінің табысты қызметі туралы ақпаратты, әсіресе, пандемия салдарынан орын алған қиын кезеңде қашықтан жүзеге асырылған нақты жұмысты көрсеттім. Нақтырақ айтқанда, Директорлар кеңесінің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген отырыстар; Директорлар кеңесінің, оның мүшелері мен комитеттерінің қызметін жетілдіру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес стратегиялық сессиялар; тәуелсіз директорлардың қайырымдылық акцияларына қатысуы; Директорлар кеңесі мен оның комитеттерінің жұмысын автоматтандыратын бағдарламаның жетістіктері мен мүмкіндіктері; нақты аймақ бойынша табысты жобалар және тағы басқалар көрініс тапты - деді Айман Қасенова.


 


«CG experts Meet Up» іс-шарасында ҚР Корпоративтік басқару кодексінің жаңа жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Михаил Кузнецов, сондай-ақ Kazakhstan Brand Incubator негізін қалаушы, Еуропалық қайта құру және даму банкінің халықаралық консультанты және бизнес коучі Айка Алеми қатысып, сөз сөйледі. Айка Алеми «ҚМГ БӨ» АҚ-ның бірінші корпоративтік хатшысы болған уақытта, компанияны 2006 жылы Лондон қор биржасына IPO-ға шығаруға көмектескенін атап өтеміз.


Онлайн-кездесу барысында Қазақстанда корпоративтік басқаруды дамыту мәселелері талқыланды, Корпоративтік басқару кодексінің жобасы, сондай-ақ компаниялардың алқалы органдарының жұмысын автоматтандыру бойынша бағдарламалық өнім таныстырылды.