«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері қосылу туралы шартқа қол қойды

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің басшылары Айдар Әріпханов пен Ербол Қарашөкеев тапсыру актісіне және қосылу туралы шартқа қол қойды.


Тапсыру актісі ағымдағы жылдың 15 наурызында бекітіледі.


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы атап өтілетін, еліміз үшін аса маңызды жылы «Бәйтерек» холдингі жаңа функциялармен толыққан қуатты, тұтас мемлекеттік холдинг ретінде өз жұмысын жалғастырады. Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Холдинг іске асыратын мемлекеттік бағдарламалардың саны артуда. Алдыңғы кезекте – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Біздің міндетіміз – қосылу процесін фермерлеріміз аса сезінбейтіндей етіп, барынша ауыртпалықсыз өткізу. «ҚазАгроның» алдында тұрған барлық міндеттер, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстары, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын қолдау және тағы басқалар бізге өтіп, назардан тыс қалмайды. Жұмыс тиімді әрі сапалы болу үшін бар күшімізді саламыз, - деді Айдар Әріпханов.


Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 52-тармағын орындау шеңберінде, «Бәйтерек» холдингі «ҚазАгро» холдингін қосу жолымен бірыңғай даму институтын құру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, портфельдік компаниялар 14-тен 7-ге дейін қысқартылып, штат саны тиісінше түзетілетін болады.


Қазіргі уақытта қайта ұйымдастыру бойынша барлық қажетті корпоративтік шешімдер қабылданды, «ҚазАгро» холдингінің активтерін түгендеу жұмысы аяқталды.