«Бәйтерек» холдингі жанындағы жобалық кеңсе құрылыс салушылардың суретшілермен ынтымақтастығын жолға қоюда

«Бәйтерек» холдингі жанындағы Креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсе астаналық құрылыс салушылар мен суретшілердің ынтымақтастығы жөнінде онлайн-конференция ұйымдастырды.


Бізде құрылыс көп жүріп жатыр, енді одан да көп болады. 2020 жылы 15 миллион шаршы метр тапсырылды, ал 2021 жылы 17 миллион шаршы метр тапсырылады деп айтылғаны белгілі. Бұл, әрине, керемет, бірақ қалада құрылысты салу кезінде де, пайдалануға беру кезінде де ерекше шешімдер ұсына алатын суретшілер бар, - деп, Жобалық кеңсенің басшысы Данат Жумин кездесудің күн тәртібінде атап өтті.


Оның айтуынша, құрылыс нысандары өнер мен шығармашылық үшін тамаша алаң бола алады.


 Біз қазақстандық суретшілерге қаланы және құрылыс нысандарын безендіруге қатысуға мүмкіндік беру үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Үйлердің, ауруханалардың немесе мектеп сыныптарының қабырғалары міндетті түрде ақ немесе сұр болмауы керек. Олар белгілі бір көңіл-күй тудыратын суреттер болуы мүмкін. Аулалар мен алаңдарда стандартты пластикалық ойын алаңдарын ғана емес, сонымен қатар барлық тұрғындар үшін тартымды болатын заманауи өнер нысандарын жасауға болады. Құрылыс салушылар мен суретшілер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, біз Астананы көркейтіп қана қоймай, қалалық шығармашылықты одан әрі дамытуға, экономиканың креативті секторын дамытуға елеулі үлес қосамыз, - деп атап өтті Данат Жумин.


Конференция барысында жетекші құрылыс компаниялары мен көркемөнер қоғамдастығының өкілдері түрлі ғимараттарды, көшелерді, қала тұрғындары демалатын орындарды көркемдеп безендіру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Шарада Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен, «BI Group», «Orda Invest» құрылыс компанияларының өкілдері және тағы басқалар сөз сөйледі.


Кездесуге қатысушылар құрылыс компаниялары мен суретшілерді біріктіретін және арнайы салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты орналастыратын онлайн-платформа арқылы ынтымақтасуға келісті. Сонымен қатар, құрылыс компанияларында көркемдік бірлестіктермен өзара әрекеттесу үшін жауапты менеджерлер анықталды. Өз кезегінде шығармашылық топтар құрылыс салушылардың қарауына қандай да бір объектілерді ресімдеу жөнінде ұсыныстар енгізеді.


Айта кетейік, шығармашылық жұмыс арқылы зияткерлік меншік өнімдерін шығара отырып, жұмыс орындары мен қосымша құнды қалыптастыратын кәсіпкерлер креативті экономиканы құрайды. Креативті экономика салаларының ауқымы кең, яғни баспа ісінен басталып киноиндустриямен аяқталады.


Креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсе ағымдағы жылдың наурыз айында «Бәйтерек» Холдингі базасында құрылды. Жобалық кеңсе ҚР Үкіметі жанындағы экономиканың креативті секторын дамыту жөніндегі жұмыс тобы хатшылығының функцияларын орындайды. Жобалық кеңсенің құрамына мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың, халықаралық және шығармашылық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ креативті кәсіпкерлер кіреді.