Айдар Әріпханов: «Бәйтерек» қуатты холдингке айналды

Осы жылдың мамыр айында Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрылғанына 8 жыл толады, оның құрамына экономиканың шикізаттық емес салаларын, экспортты, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеттері жүктелген 12 даму институты кіреді. Аталған бағыттардың барлығы тәуелсіз елдің барлық мемлекеттік стратегияларындағы басты нысана болып табылады.


Соңғы екі жылда Холдинг құрылымы өзгертілді, яғни тұрғын үй саясаты саласындағы институттар блогы оңтайландырылды, бұрынғы «ҚазАгро» холдингінің портфельдік ұйымдары қосылды. «Бәйтерек» ҰБХ-ның Басқарма төрағасы Айдар Әріпхановпен әңгімелесу барысында Холдинг жұмысына және соңғы 30 жылда бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына аралық қорытынды жасаймыз.


– Айдар Әбдіразақұлы, 8 жыл бұрын жаңа холдинг құру қажеттілігі неден туындады?


– Бұл шешімнің авторы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 2013 жылғы 22 мамырда «Бәйтерек» холдингін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Нұрсұлтан Әбішұлының идеясы – ұлттық даму институттарын кәсіби басқарушы компанияның қарамағына біріктіру арқылы олардың жұмыс тиімділігін арттыру болды.


Естеріңізге сала кетейін, осыдан 8 жыл бұрын жаңадан құрылған «Бәйтерек» қарамағына 10 даму институты берілген. Кейбір құрылымдардың басқару ұйымдары бірнеше рет өзгерді, кейбіреулері біраз уақытқа министрліктерге беріліп, кейін қайта алынды. Сол кезде біздің құрамымызға кірген көптеген еншілес компаниялардың жағдайы қиын болатын. Корпоративтік басқарудағы дағдарыс, кредиттік портфельдер проблемасы, өз миссиясын түсінбеу және басқа ұйымдардың функцияларының қайталануы – міне осы мәселелерді сол кезде «Бәйтерек» холдингінің шешуіне тура келді.


Аталған проблемалармен түбегейлі айналыстық, осылайша қазір біздің барлық еншілес компанияларымыз табысты даму институттары, озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірыңғай корпоративтік басқарудағы компаниялар болып табылады. Міне осылар біздің компанияларымызға ел экономикасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.


– «Бәйтерек» ҰБХ құрамына кіретін даму институттарының және Холдингтің мақсаты ұлттық бизнесті дамыту болды. Сіз бұл жұмыстың нәтижелеріне қандай баға бересіз?


– Даму институттарымыз түрлі міндеттерді орындап келеді, мен оларды бірнеше топқа бөлер едім. Біріншіден, шағын және орта бизнестегі әрі ірі бизнестегі кәсіпкерлік белсенділікті қолдау. Тәуелсіздік жылдарында ірі кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдау орасан зор. Оның ішінде «Бәйтерек» холдингі 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін 116 мыңнан астам жаңа жобаларды, сондай-ақ еңбек өнімділігін ұлғайту мен өткізу нарықтарын кеңейтуді ескере отырып, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртатын және кеңейтетін жобаларды қолдады. Қолдау көрсетілген кәсіпорындар осы аралықта 34 трлн теңгеге өнім өндірді, оларды экспорттаудан түскен жиынтық түсім – 5,3 трлн теңге.


Жобалардың 90%-ға жуығы және өндірістің 84%-ы шағын және орта бизнесті қолдайтын негізгі оператор «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының клиенттеріне тиесілі. 2013 жылдан бастап ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17-ден 32%-ға дейін өсті, міне осы нәтиже арқылы «Бәйтеректің» елеулі үлесін байқауға болады.


Біз үшін қазақстандық бизнестің экспорттық әлеуетін арттыру маңызды миссия болып табылады. Қазақстанның Даму Банкі мен KazakhExport аталған міндетті шешуге жұмылдырылған. ҚДБ желісі бойынша 7 жыл ішінде іске асырылған 66 инвестициялық жобаның экспорттық түсімі 4,1 трлн теңгені құрады. Банк 707 млрд теңге сомасына 19 экспорттаушыны қаржыландырды. KazakhExport тек соңғы 3 жыл ішінде экспорттаушыларды сақтандыру көлемін 3,4 есеге, яғни 135 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Өткен жылы пандемияға қарамастан, түрлі құралдар арқылы қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарттар сомасы шамамен 800 млрд теңгені құрады.


Холдингте тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігін қамтамасыз ету блогы бар, ол «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға жауапты, соның шеңберінде біз 5 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді, яғни 75 мың пәтерді пайдалануға беруге қолдау көрсеттік.


Каз (11).jpg


– Соңғы екі жылда Холдинг құрылымы өзгертілуде. Қорытындысынан қандай нәтиже күтесіз?


– Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үлкен реформа жүргіздік. Ол Холдингтің тұрғын үй блогын оңтайландыру және мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыру үшін қажет болды. Біз үш еншілес ұйымды – «Бәйтерек девелопмент», Қазақстан ипотекалық компаниясын және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын – Қазақстан тұрғын үй компаниясын құрдық. Бұл бізге нарықтық шарттармен капитал тартуға, оны ағымдағы қаржы ағындарына қосуға және жеке құрылыс салушылар үшін қорландыру құнын арзандатуға мүмкіндік берді.


Болашақта Бірыңғай операторға бұдан да көп функциялар жүктелмекші, нақтырақ айтқанда, жобаларды стратегиялық жоспарлаудан бастап, инжиниринг, цифрлық мониторинг және кейінгі пайдалануға беру сынды барлық кезеңдерде толық сүйемелдеуге дейін бизнеске тікелей кешенді қолдау көрсететін болады.


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында даму және қолдау институты – Отбасы банк құрылды, ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады. Қойылған міндетті жүзеге асыру үшін қолданыстағы кезектілік жүйесін әкімдіктерден Отбасы банкіне беру жоспарланып отыр, ол тұрғын үйі жоқ отбасыларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.


«ҚазАгро» холдингін бізге қосу туралы Президенттің тағы бір тапсырмасын орындау үшін жарты жылдан астам уақыт қажет болды. «Бәйтерек» құрамына «ҚазАгроның» үш еншілес ұйымы кірді, олар – Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы», Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры.


Атап айтқанда, Аграрлық несие корпорациясы инвестициялық жобаларға кредит берумен, кредиттік серіктестіктерді, банктерді, микроқаржы ұйымдары мен лизингтік компанияларды қорландырумен айналысуын тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге кредит береді.


ҚазАгроҚаржы ауыл шаруашылығы техникасы лизингі нарығының 90%-ға жуығын алып отырған ірі лизингтік компания болып табылады. Ол фермерлерге ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеңілдетілген шарттармен лизингке алуға көмектеседі.


Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, өз кезегінде, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен ұсақ фермерлерге қолдау көрсетуді көздейді. Ол микрокредиттер береді, сондай-ақ жеке қаржы институттарының кредиттері бойынша кепілдіктер береді. Сонымен қатар, Қор ауыл шаруашылығындағы сақтандыру өнімдері бойынша сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау бағдарламаларының операторы болып табылады.


«ҚазАгроның» қосылуымен 2021 жылдан бастап Холдингтің жаңа стратегиялық даму кезеңі басталды. Ол кәсіпкерлікті қолдау, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бірлескен даму институты болды. Қызметтің жаңа бағыттары мен мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарындағы соңғы өзгерістер ағымдағы жылдың мамыр айында Директорлар кеңесінің мақұлдауына шығарылатын Холдингтің өзекті Даму стратегиясында көрініс тапқан.


– Ел басшылығымен, ҚР Үкіметімен Холдингтің қарым-қатынасы қалай құрылған?


– Біз бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың операторымыз, сондай-ақ ел басшылығының тапсырмаларын іске асырамыз. Мысалы, Біз ұлттық экономиканы әртараптандыру мақсатында, Елбасының бастамасы болып табылатын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды қолдаймыз. Біздің міндетіміз – шикізатты бастапқы өңдеуден өткізетін жобаларды және өңдеу өнеркәсібінің ірі, экспортқа бағдарланған жобаларын қаржыландыру. Ең бастысы, бұл – қолдау тапқан кәсіпорындар қазақстандықтарға жұмыс орындарын ашуы үшін Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы. «Бәйтеректің» бір ғана институты – Қазақстанның Даму Банкі индустрияландырудың екінші бесжылдығы (2015-2019) барысында 0,5 трлн теңгеден астам сомаға жобаларды қолдады. Өткен жылы қаржыландыру көлемі 105 млрд теңгені құрады.


Пайдалануға берілген 20 кәсіпорынның өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгені құрады, экспорттық түсім – 1,8 трлн, ал бюджетке төленген салық – 345 млрд теңге, 5,5 мың жұмыс орны ашылды.


Мен және әріптестерім мақтана алатын ірі жобалардың бірі – Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірі болған «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу. Бұл – мультипликативті әсері зор, қысқа мерзімде жүзеге асырылған мегажоба. Оның әсерін тек экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан бағалауға болады. Бірнеше миллион қазақстандық «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіледі, қалаларымыздағы, соның ішінде Нұр-Сұлтандағы экологиялық жағдай жақсарады. Бұл жердегі «Бәйтеректің» рөлі жобаны іске асыру үшін қаржы ресурстарын шоғырландыру болды. Құны 267 млрд теңге болған жобаға ҚДБ 51 млрд теңге, Baiterek Venture Fund 40 млрд теңге берді, бұл жоба құнының 34%-ы. Бұдан басқа, ҚДБ жобаны қаржыландыруға Еуразиялық даму банкін тарта алды, ол біздің банк бергендей мөлшерде қаржы құйды.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан екі бағдарлама туралы ерекше айтқым келеді. Олар – «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ».


«Бақтты Отбасы» бағдарламасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Отбасы банк арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама төрт және одан да көп баласы бар, асыраушысыз қалған немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның шарттары барынша жеңілдетілген: кредит сатып алынатын пәтер құнының 10%-ынан жоғары мөлшерде бастапқы жарнаны ұсынған жағдайда жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға дейін беріледі. Біз қазірдің өзінде осындай 10 мыңнан астам қарыз бердік. Бұл дегеніміз 10 мың тұрмысы төмен қазақстандық отбасы өз пәтерлерінде тұруға мүмкіндік алды. Бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеді және одан әрі жалғасатын болады.


«Шаңырақ» бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның көмегімен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж адамдарға тұрғын үйді тезірек сатып алуға мүмкіндік береміз. Бұл бағдарламаның да шарттары жеңілдетілген: жылдық мөлшерлеме - 5%, кредит мерзімі - 20 жылға дейін, бастапқы жарна - 10%-дан басталады. Бүгінгі таңда, осы бағдарлама бойынша 8 мыңға жуық отбасы несие алды.


Тәуелсіз Қазақстанның жастары өте білімді және идеялары креативті. Қазақстан стартаперлері көптеген қызықты жобалары ұсынуда. Біз оларды табандылығына қайран қаламыз. Олардың жетістіктері Қазақстаннан тыс жерлерде танымал болғанын, жобалары өтімді болып, ауқымы кеңейгенін қалаймыз. Соңғы екі жыл бойы осы бағытта белсенді жұмыс істедік. Нәтижесінде америкалық және сингапурлық ірі венчурлік қорлар – 500 Startups және Quest Ventures-пен табысты ынтымақтастыққа қол жеткіздік, олармен бірлескен қорлар құрдық. Жастарға өзінің жобасын шетелде ілгерілетуге көмектесетін Kazakhstan Digital Accelerator халықаралық акселераторын іске қостық. Міне, жақында KDA-ның екінші легінің қорытындылары жарияланды.


– «Бәйтеректің» алдында қандай мақсаттар тұр және Холдингтің жаңартылған стратегиясы қай бағытқа бет бұрмақ?


– Қазіргі коронавирус пандемиясының салдарынан жүздеген кәсіпорындар үлкен шығынға ұшырап, тіпті жабылып қалып, ал адамдар жұмысынан айрылып жатқан кезеңде «Бәйтерек» холдингі ұсынатын түрлі құралдар бизнес пен халық үшін маңызды әрі үміт күтетін қолдау болып отыр деп ойлаймын.


Ал стратегиялық тұрғыдан «Бәйтерек» холдингі өңдеу өнеркәсібін дамытуды, еңбек өнімділігін арттыруды, жұмыс орындарын ашуды, жалпы Қазақстан экономикасын дамытуды жалғастырады. Біз еліміз үшін маңызды жобаларды іске асырып жатқанымызды және олардың бүгінде Қазақстан халқына пайдасы зор екенін мақтан тұтамыз. Биыл біз жаңаша жұмыс істей бастаған қуатты холдингке айналдық.


- Сөз соңында Сізге және «Бәйтерек» холдингіне алға қойған жоспарларыңыз орындалып, көздеген мақсаттарыңызға қол жеткізуді тілеймін. Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет.