«Бәйтерек» холдингі еншілес компанияларын оңтайландыруды жалғастыруда

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өз құрылымын ауқымды қайта ұйымдастыруды жалғастыруда.


Биыл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру арқылы бірыңғай даму институты құрылды. Үш еншілес ұйым «Бәйтерек» холдингінің құрамына кірді, бірақ бұл бағыттағы жұмыс аяқталған жоқ.


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) «Бәйтерек» тобының құрамында жеке еншілес ұйым мәртебесін сақтайды және өзінің жарғылық қызметін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (АШҚҚҚ) функционалының бір бөлігімен, оның ішінде микробизнеске тікелей кредит беру бойынша және агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру жөніндегі оператордың функциясымен толықтырады. Өз кезегінде, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығында лизингтік қаржыландыру мандаты бар АНК еншілес компаниясы болады. АШҚҚҚ жойылады, ал оның кредиттерге кепілдік беру жөніндегі функциясы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға өтеді.


Сонымен қатар, директорлар Кеңесінің шешімімен екі еншілес компанияның - «QazTech Ventures» АҚ және «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС функционалы мен активтері жеке қорлар ретінде «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ (сондай-ақ Холдингтің еншілес ұйымы) басқаруына берілді.


Тағы бір еншілес ұйым – «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ны (ҚИҚ) – «Бәйтерек» холдингі жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде жекешелендіруге шығаруға ниетті. Айта кетейік, жекешелендіру нысандарын сату ережелеріне сәйкес, егер сауда-саттыққа қойылған мемлекетке тиесілі АҚ-ның 100%-ы өткізілген үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша сатылмаса, аталған заңды тұлғалар қосылу немесе бірігу жолымен қайта ұйымдастырылуға жатады немесе таратылуға жатады. Осыған байланысты, бәсекелес ортаға беру сәтсіз болған жағдайда ҚИҚ «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ға талап ету құқықтары мен активтер портфелін беру арқылы жойылады деп жоспарлануда.


Нәтижесінде, «Бәйтерек» холдингінде атап өткендей, бұл тәсіл портфельдік компанияларды 14-тен 7-ге дейін қысқартуды және холдингтердің штат санын тиісті түзетуді қамтамасыз етеді.