Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бөлімшелерін қайта ашуда

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Төтенше жағдай режимі шарттарында үйде отырып алуға болатын онлайн-қызметінің жаңа түрлерін ендіруде. 


 


2020 жылдың 20 сәуірінен бастап ТҮҚЖБ клиенттері банк сайтындағы «Видеоқоңырау» сервисі арқылы келесі қызмет түрлерін ала алады:



  • Ағымдағы шотты ашу;

  • Реквизиттерді өзгерту (жеке куәлік, телефон, мекенжай және т.б.);

  • Салым шарттарын өзгерту (мерзімі, сомасы);

  • Ағымдағы шоттан өзге банктердегі жеке шотқа қаражат аудару;

  • Салымды бөлу;

  • Шотты жабу.


 


Клиенттеріміздің қауіпсіздігі біздер үшін өте маңызды, сол себепті қызметтеріміздің көпшілігі сақтық режимде онлайн түрде ұсынылады. Мәселен, видеосервис арқылы депозит ашып, оны ЖССБ24 мобильдік қосымшасы бойынша онлайн түрде толықтыруға болады, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.


 


Дегенмен, біздің клиенттеріміздің көпшілігі банктің онлайн-қызметтерін пайдалануға мүмкіндігі болмайтынын жақсы түсінеміз. Сондықтан, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің  Нұр-Сұлтан (2020 жылдың 20 сәуірінен бастап) және Алматы (2020 жылдың 27 сәуірінен бастап) қалаларындағы екі ірі филиалдары қайта жұмысын бастайды.


 


Нұр-Сұлтан (Қошқарбаев к-сі, 26) және Алматы (Сейфуллин к-сі, 498) қалаларындағы бөлімшелерде қолданыстағы банк өнімдері мен бағдарламалары бойынша мақұлданған несиелер беріледі. Ал, бағалаушы компаниялар мен нотариустардың қатысуымен жүргізілетін операциялар тек олар жұмыс істей бастағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.


 


Аталған аймақтарда әлі де карантин режимі сақталатындықтан, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында банк бөлімшелеріне тек алдын-ала жазылу арқылы баруға болады. Бұл шара банк филиалдарына адамдардың көп жиналуын болдырмауға және клиенттердің қауіпсіздігі үшін белгіленген ара қашықтықты сақтауға мүмкіндік береді. Займдарды беру үшін банк қызметкерлері клиенттерге хабарласып, олармен келісілген уақытты жазып алады.


 


Бірінші кезекте біз карантинге дейін несиелік өтінімді беріп, мақұлдау алып, сатып алу-сату келісімшарттары мен кепіл шартын жасасқан клиенттерімізді қабылдаймыз. Мәліметтерімізге сәйкес, екі қаладағы салымшыларымыздың саны 35 адамды құрайды. Дүйсенбі күні, яғни, 20 сәуірде ең алдымен олардың жұмыстарын соңына дейін аяқтауға барынша көмектесеміз, - дейді Ләззат Ибрагимова.


 


Елімізде орын алған жағдайға қарамастан, соңғы айда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1 546 жаңа депозит ашылды, оның ішінде қашықтан видеоқоңырау бойынша банк өз клиенттеріне 293 займ берді.


 


Анықтама:


 


Телефон нөмірі өзгерген салымшылар үшін реквизиттерді өзгерту операциялары қарастырылған. Бұл Интернет банкинг қызметін пайдалану кезінде өте маңызды. Себебі операциялардың барлығы банк жіберетін смс-хабарламадағы бір реттік құпиясөз арқылы жүргізіледі.


 


Ағымдағы шот несиені өтеу және басқа операциялар кезінде қаражат аудару үшін қажет, ағымдағы шоттан ақшаны клиенттің кез келген өзге екінші деңгейлі банктегі шотына аударуға болады.


«Салым шарттарын өзгерту» қызметі клиенттің өз мүмкіндіктеріне сәйкес карантин кезінде ақшаны жинақтай алуы үшін депозитке салынатын салымның ең тиімді мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.


 


Бөлу – депозиттің ең маңызды параметрлерін, сондай-ақ, клиенттің алдағы уақытта банк бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін сақтай отырып, жинақ сомасын бөлуге және қаражаттың тек бір бөлігін ғана шешіп алуға мүмкіндік береді.