Қазақстанда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 9 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.


 


Құжат нормаларына сәйкес, тұрғын үй бағдарламаларының қазіргі операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, сондай-ақ «Даму» АҚ арқылы құрылыс салушыларды субсидиялау құралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның базасында құрылған Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіріледі.


 


Бұл шара жалпы әкімшілік шығыстарды кемінде 40%-ға азайту есебінен бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Штат саны да оңтайландырылады, оның ішінде басқару буыны шамамен 3 есеге қысқарады.


 


Бастапқы кезеңде Бірыңғай оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:


 


1) қолжетімді тұрғын үй құрылысын, оның ішінде әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетіктері арқылы қаржыландыру;


 


2) құрылысты аяқтауға кепілдік беру арқылы халықтың үлестік салымдарының сақталуын қамтамасыз ету;


 


3) жеке құрылыс салушылардың коммерциялық кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;


 


4) әкімдіктер жанындағы уәкілетті ұйымдарға, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй салуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға кредит беру;


 


5) инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру;


 


6) әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй беру;


 


7) ипотекалық қарыздар беру және уәкілетті органның лицензиясы негізінде өзге де қызметтерді ұсыну.


 


Аталған шаралар «Бәйтерек» холдингінің мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруына және сингапурлық Тұрғын үй құрылысы және даму кеңесі (Housing and Development Board) үлгісіне көшуіне мүмкіндік береді.