«Бәйтерек» холдингі Жамбыл облысының жобаларын 300 млрд теңгеге қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев онлайн-форматта кездесу өткізді. Шара барысында өңірдегі кәсіпкерлік пен тұрғын үй құрылысы саласын дамытудағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мүмкіндіктері талқыланды.


 


 


 


Кездесуге әкімнің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ Холдингтің еншілес ұйымдарының басшылары қатысты.


 


 


 


 


Біз «Бәйтерек» холдингімен құрылыс, бизнес салаларындағы жобаларды бірлесе жүзеге асырамыз. Бірақ бұдан да белсенді бірлесе жұмыс жүргізу үшін резервтер де, мүмкіндіктер де бар. Міне, біз соларды пайдалануымыз керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.


«Бәйтерек» холдингі Жамбыл облысының жобаларын 300 млрд теңгеге қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады


Өз кезегінде, Айдар Әріпханов Холдинг ірі, шағын және орта бизнеске арналған қолдау құралдардың кең аясын ұсыну арқылы Жамбыл облысындағы кәсіпкерлікті дамытуға елеулі үлес қосатынын нақтылады. Сонымен қатар, ұлттық холдинг өңірдегі тұрғын үй құрылысын қарқынды қаржыландыруда.


 


 


 


Мәселен, облыста тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша Холдинг 2016 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын 28,3 млрд теңгеге сатып алды. Осы қаражат есебінен әкімдіктер 2,2 мың пәтерді пайдалануға тапсырды, шамамен 1,9 мың пәтердің құрылысы жүргізілуде, - деді Айдар Әріпханов.


 


 


 


Бұдан басқа, ірі бизнесті қолдау шеңберінде бүгінгі таңда Холдингтің еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) жалпы қаржыландыру сомасы 62,1 млрд теңге болатын төрт жобаға қызмет көрсетуде, оның ішінде ҚДБ қарызының сомасы 40,5 млрд теңгені құрайды.


 


 


 


Холдингтің қолдауына ие болған табысты жобалардың бірі Қаратау қаласындағы қуаты 15 000 тонна цианисті натрий өндіру зауыты болып табылады. Зауыт құрылысы 400-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етті. Мұндай мысалдар көп, - деп атап өтті Айдар Әріпханов.


 


 


 


Шағын және орта бизнеске келетін болсақ, Холдингтің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 56 млрд теңге сомасына облыстағы 1 669 жобаға қолдау көрсетті, бұл 2019 жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда үш есе көп (кредиттер сомасы бойынша).


 


 


 


«Бәйтерек» холдингінің басшысы өңірмен тығыз қарым-қатынас жүргізуге дайын екенін айтты.


 


 


 


Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевтің айтуынша, Жамбыл облысында 2025 жылға дейін құны 2,4 трлн теңге болатын 74 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. «Бәйтерек» холдингіне жалпы құны 300,9 миллиард теңге болатын бес жобаны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.


 


 


 


Облыс әкімі мәлімделген жобаларды ілгерілету жөнінде жұмыс тобын құруды, сондай-ақ жол картасын жасауды, ал қараша айының соңына қарай Бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.