Жұлдыз Құнанбаева: Елімді жаңғыртуға өз үлесімді қосудамын

«Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдарын кәсіпқойлар командасы десек артық емес. Ортақ мақсаттың басына шоғырланған осындай білікті топтың арқасында мемлекеттік бағдарламалар сәтті іске асырылуда, бизнес қолдау табуда, отандық экспорт өсуде, жұмыс орындары ашылуда, нәтижесінде ел бюджеті салықтық түсімдермен толығуда, ал қазақстандықтар қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Топтағы ең мықты мамандар қызмет сатысымен жоғарылау үшін Бірыңғай кадрлар резервіне енеді.


 


Солардың бірі – Жұлдыз Құнанбаева. Оның М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика саласындағы магистр, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бакалавры дәрежесі бар. Қаржы саласындағы жұмыс тәжірибесі - 13 жылдан асады. Жұлдыз «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның (ҚДБ) бірқатар маңызды мәмілелеріне қатысқан. Бүгінгі таңда, ол – ҚДБ Кредиттік талдау және мәмілелерді құрылымдау департаментінің Индустриялық жобалар басқармасының бастығы. Сондай-ақ, Жұлдыз «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай кадрлық резервіне, Президенттік Жастар кадрлық резервіне енген.  


 


Онымен сұхбат барысында біз табысты мансап пен кәсіби өсу жолы туралы әңгімелестік.


 


Жұлдыз, Сіз «Бәйтерек» холдингінің құрылымында қашаннан бері жұмыс істейсіз және оған қалай қосылдыңыз? Алғашқы жылдары қандай әсерде болдыңыз, ал қазір қандай нәтижелерге қол жеткізе алдыңыз?


 


– Менің ҚДБ-дағы жұмыс өтілім 13 жылдан асады, Холдингтің құрылымында жұмыс істегеніме 6 жыл. 2007 жылы магистратураны бітіргеннен кейін қызметімді қаржы саласында бастадым. Мені қаржы саласының ауқымы, елеулі нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі, жалпы экономиканың дамуына әсері қызықтырды.  


 


Қазақстанның Даму банкіне деген қызығушылығым 2001 жылы студент кезімде пайда болды. Оқуды аяқтағаннан кейін Мәскеуде жұмысқа қалу мүмкіндігі болды, бірақ мен Қазақстанға оралуды жөн көрдім. Ұтымды ұсыныстар Big-4 компаниясынан және ҚДБ-ның екі департаментінен келіп түсті, әрине, мен ойланбастан Даму банкін таңдадым.


 


ҚДБ экономиканың барлық секторларындағы ең ірі жобалармен жұмыс істейтінін атап өту қажет. Мысалы, соңғы бірнеше жылда «Мұнай химиясы және мұнай өңдеу» саласындағы стратегиялық жобалар портфелімен жұмыс істедім.


 


Әріптестеріммен бірге Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобаларына қатысу мәртебесіне ие болдым (қазір үш МӨЗ-ді жаңғырту аяқталды). Осылайша, 2017 жылы банктің ең ірі мәмілелерінің бірі - 1 миллиард АҚШ долларына дейін қаржыландырумен Шымкент мұнай өңдеу зауытын, одан кейін Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту мақұлданды.


 


Біздің жұмысымыздың нәтижесі негізінен біраз уақыт өткеннен кейін көрінеді. Ол үшін өз жұмысыңды әрқашан сапалы әрі барынша беріліп орындау өте маңызды. Жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқара білсең ғана елеулі нәтижеге қол жеткізесің. Сонымен қатар, өзіңді ҚДБ мен Холдингтің қызметкері ғана емес, еліңді жаңғырту жолында қызмет етіп, бел ортасында жүрген жан ретінде сезінесің. Мен үшін бұл үлкен ғанибет әрі мақтаныш.


 


Мен 2013 жылғы маусымда ҚДБ-ның «Жобалау дирекциясының үздік қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым, 2019 жылғы наурызда «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай кадрлық резервіне, ал 2019 жылғы желтоқсанда Президенттік жастар кадрлық резервіне кірдім.


 


- Сізге мансап тұрғысынан және кәсіби өсуге не түрткі болды? Холдингтің Бірыңғай кадрлық резервіне ену үшін іріктеу қалай өтетіні қызықтырады.


 


- 2019 жылы Холдингте кадрлық резерв жасақталатыны туралы жарияланған кезде, мен бағымды сынап көрмек болдым. Бағдарлама шеңберінде қатысушылардың басқарушылық және көшбасшылық дағдылары кешенді бағаланады, мықты қырлары танылып, біліктілігі сүзгіден өтеді, сөйтіп, әр қатысушы өзін сырттай бағалауға мүмкіндік алады. Сондықтан мен осы бағдарламаға қатысуға шешім қабылдадым.


 


Жалпы, Холдингтің кадрлық резерві бағдарламасы өте орынды және дұрыс деп санаймын. Бағдарлама компанияның құрылымымен, жұмыс қағидаттарымен және бизнес-процестерімен таныс, қажетті құзыреттерге ие, мансап сатысымен көтерілуге дайын қызметкерлердің Холдинг ішіндегі кәсіби өсуін көздейді.


 


Резервте тұрған әрбір қызметкердің өзгелермен бөлісерлік және жұмыста қолдануға болатын өзіндік мол тәжірибесі бар. Бірыңғай кадрлық резерв бағдарламасы тиімді болып, әрбір қатысушыға өз мүмкіндігін танытуға және өз компаниясы мен елін дамытудағы үлесін арттыруға жол ашса деймін.


 


- Сейчас Вы имеете большой опыт работы. Что бы Вы хотели улучшить в своей сфере? - Бүгінде сіздің жұмыс тәжірибеңіз мол. Сондықтан өз салаңызда нені жақсартқыңыз келеді?


 


- Осы уақыт аралығында ҚДБ барынша ашық, бизнеске бағдарланған ұйымға айналды, клиенттердің банкке деген сенімі артты. Компаниялар ҚДБ-мен бір жобаны табысты іске асыра салып, келесі жаңа жоба бойынша ынтымақтастыстық орнатқысы келеді. Бұл жақсы көрсеткіш.


 


ҚДБ жобалары салмақты, капиталды қажет етеді, мемлекет экономикасының стратегиялық маңызды салаларына әсер етеді, сондықтан аналитика блогының жұмысына баса назар аударылады.


 


Ағымдағы жылы біз жылдам әрекет етуді талап еткен көптеген сын-тегеуріндерге тап болдық, атап айтсақ, ұлттық валюта бағамының ауытқуы, пандемияның басталуы, банктің қашықтықтан жұмыс істеу форматына көшуі. Бізге тез арада жағдайға қарай бейімделуге тура келді. Пандемия енді басталған кезде ҚДБ кредиттік портфельді талдау бойынша үлкен жұмыс жүргізді, барлық қарыз алушыларымыз бойынша стресс-тесттер өткізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жедел түрде Банктің дағдарысқа қарсы жоспары әзірленді. Жоспарда банк жағдайды жақсарту үшін және қарыз алушыларымызды қолдау үшін жүргізбекші іс-шаралар көрсетілген. Бұл ретте біз жобаларды қаржыландыруға сараптама жүргізу, бекіту, қарыздарды қайта құрылымдау, қарыздардың төлемдерін кейінге ауыстыру, тағы сол сияқты жұмыстарды қызу жалғастырдық.


 


Біз терең зерделенген және сапалы аналитика ұсыну, бизнес-процестерді автоматтандыру және жақсарту, клиенттеріміздің ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыру бағытында көп жұмыс жасайтын боламыз. Тәлімгерлікті дамытуға, қызметкерлердің оған қатысуын арттыруға көп көңіл бөлмекшіміз.


 


- Сіз Холдингтің еншілес компаниясында басшылық лауазымды иелендіңіз. Басқару стиліңіз қандай?


 


- Мен басқаруда демократиялық стильді ұстанамын, мен үшін бұл тәсіл ең қолайлы. Мен өз қызметкерлеріммен кеңесемін және пікірлеріне құлақ асамын. Менің міндетім – қызметкерлердің нәтиже мен жетістікке жетуіне көмектесу, ынталандыру, ортақ нәтижелерге жол бастау. Яғни, біз бәріміз бір командамыз, сондықтан сенің жетістігің жаныңдағы командаңның жетістігіне байланысты.


 


Жұмыстағы ұжым, басшы, әріптестер тұрғысынан үнемі жолым болып келеді. Мен аға тәлімгерлеріме, басшыларыма көрсеткен қолдауы үшін өте ризамын. Қазір маған бір кездері алдыңғы буыннан көрген, үйренген тәжірибелерімнің көп пайдасы тиіп отыр.


 


Білесіз бе, кадрлар бәрін шешеді. Адамдар әртүрлі, біреуімен көбірек сөйлесуіңіз керек, ал біреуіне тапсырманы беріп, міндетін түсіндірсең жеткілікті, содан кейін араласпасаң да болады. Біреуі өз дербес жұмыс істегенді қаласа, біреуіне көмек қажет болады.


 


Аналитикалық блокта жұмыс істейтін жақсы қызметкерлердің бойында көптеген қасиеттер болуы тиіс, нақтырақ айтсақ, жылдам логикалық тізбек құру, құрылымды ойлау, басты нәрсені тану және талдау жасау, туындаған сұрақтарға жауап іздеп, шешім таба білу. Бұл сала қаншалықты қиын екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Сондықтан, аналитиктер қатарына кірудің өзінің үлкен мәні бар.


 


Менің жолым болды, өйткені мен толыққанды дамыған, кәсіпқой, дарынды, өзіндік пікірі қалыптасқан білімді адамдармен жұмыс істеймін.


 


- Тұлғалық өсуді көздейтін әріптестеріңізге қандай кеңес бере едіңіз?


 


- Біздің Кредиттік талдау және мәмілелерді құрылымдау департаментіндегі аналитиктердің жұмысы кәсіби қызметіне барынша бойлап, көбірек күш-жігер жұмсауды талап етеді. Басқаша мүмкін емес. Одан тыс өзге нәрселерге уақытымыз өте аз.


 


Сонымен қатар, қазіргі қарқынды дамушы заман білім аясын кеңейтіп отыруды талап етеді, жаңа даму бағдарларын ашады. Өзгерістерге ілесіп,  бейімделе білу қажет. Бәсекеге қабілетті болу үшін lifelong learning принципін ұстану керек. Бүгінгі таңда, табысқа жетудің басты факторларының бірі - даму бағдарыңды дұрыс айқындау, өзіңнің мықты қырларыңды тану және өзгерістерге тез бейімделе білу деп ойлаймын.


 


Әріптестеріме өткен жылдың сынақтарына қарамастан алға қойылған барлық мақсаттарына жетуді, жақсы мәмілелер мен табысты жобалар, кәсіби тұрғыда өсуді тілеймін. Осының бәрі Даму банкінің, Холдингтің және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік береді.


- Сұхбатыңызға рахмет!