«Бәйтерек» холдингінде «Қаржы қызметінің үздіктері» марапатталды

Бүгін, Ұлттық валюта күні «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдарының қызметкерлері «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен және ҚР Қаржы министрінің алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттарды Холдингтің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов табыс етті.


 Үкіметтің негізгі қаржы институты болып табылатын «Бәйтерек» холдингі үшін Ұлттық валюта күнінің мәні зор. Біз отандық бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді және тұрғын үй құрылысын қолдай отырып, еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосудамыз. Бұл жұмыс жан-жақты кәсіби қабілетті талап етеді, ал қажет білім мен білік сіздердің әрқайсыларыңызда бар екеніне сенімдімін, - деді Айдар Әріпханов өзінің құттықтау сөзінде.


 «Бәйтерек» холдингінің басшысы қаржы саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, биік жетістіктер мен отбасыларына амандық тіледі.


 «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің директоры Сергей Куклин, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Эльмира Распекова, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бас бухгалтері Әлия Төлепбергенова, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің бас менеджері Бақтияр Қатықбаев, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Қаржылық жоспарлау департаментінің директоры Марлен Келіс, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры Алмат Мұхажанов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Ерлан Түктібаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Кредиттерді әкімшілендіру департаментінің Филиалдардың кредиттерін әкімшілендіру бөлімінің бастығы Дана Өмірбаева «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.


 Сонымен қатар, «Даму» КДҚ» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚТК» АҚ, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды.


 «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің органдарында кемінде 10 жыл мінсіз жұмыс істеген қаржы жүйесінің қызметкерлері «лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, жемісті еңбегі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін» марапатталады.