Холдинг қызметкерлері мемлекет ұсынатын қазақ тілін үйренуге арналған жобалармен танысты

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Операциялық қызмет департаменті Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында, 2021 жылдың 17 қарашасында Холдингтің және еншілес ұйымдардың қызметкерлері арасында «Қазақ тілін үйрену жолдары» тақырыбына ақпараттық вебинар өткізді.


Іс-шараға ҚР Тіл саясаты комитетінің өкілі Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Сапарғалиев Мейрам Көпбайұлы мен бас маманы Мырзаханова Маржан Төлентайқызы қатысып, қатысушыларға қазақ тілін үйренуге көмектесетін IT жобалар мен оқыту курстары жайлы таныстырды.


Мөлдір Бақытқызы қазақ тілін үйреніп, дамытуда көмекші құрал болатын 11 платфома әзірленіп, пайдалануға ұсынылғанын айтты. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Ал қазақ тілін үйренуге болатын «Tilqural.kz», «Tilalemi.kz», «Tilmedia.kz» жобаларын және «Abai.institute» сайтындағы «қазақша үйрену» бөлімін, сондай-ақ ресми құжаттарды құрастыруда пайдалануға болатын «Qujat.kz» базасын егжей-тегжейлі түсіндірді.


Өз кезегінде, Маржан Төлентайқызы «Руханият» КММ ұйымдастыратын жеделдетілген 24, 48 сағаттық және 100 сағаттық деңгейлік тегін курстар жайлы түсінік берді.


Соңында қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойды, оларға қажетті материалдар қосымша жіберілді.


Өткізілген іс-шара қазақ тілін үйрену үшін мемлекет ұсынып отырған жобалармен танысуға мүмкіндік берген алаң болып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етті деген сенімдеміз.